Елордалық  Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында тұңғыш рет

Шоқан Уәлихановтың бейнесі сахналанбақ.

Биыл ғалымның туғанына 180 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай,  Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры маусым айының 19-20 аралығында 18.30-да «ШОҚАН» драмасының  премьерасын өткізеді.

Аталмыш туынды қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқанов пен бірқатар драмалық туындылардың авторы Шота Уәлихановтың шығармаларының негізінде сахналанбақ. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.

Қазақ халқының біртуар перзенті, ағартушы, ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың кадет корпусындағы өмір көріністері мен ғұмырының соңғы сәттері қойылымның мазмұнына арқау болып отыр. Басты кейіпкердің ішкі жан дүниесімен сырласуы, айналасындағы жақындарының, достарының бейнелерімен сұхбаттасуы спектакльде кеңінен суреттелмек.  

Қойылымдағы басты кейіпкер кадет Шоқанды театрымыздың жас актерлері Жанат Оспановпен Бауыржан Сұрапбаев сахналаса, Шоқанды  бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, отандық кино өнерінде бірнеше басты рөлдерді сомдап жүрген театр артистері Қуандық Қыстықбаев пен Ержан Нұрымбетов бейнелейді. 

Сондай-ақ, спектакль барысынан бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген театр артистері, Қазақстанның Халық артисі Т. Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Б.Ыбраев, Ж.Төленбаев, Л.Бекназар-Ханинго, А.Нөгербек, Н. Өтеуілов, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері С. Қашқабаев өнер көрсетеді.