Астанада банкке 62 миллион теңге қарыз болған жас қыздың жүйкесі сыр берген, деп хабарлайды City01.kzКТК арнасына сілтеме жасап.
Анасының айтуынша, ақшаны студентке туыстары алдап алғызған.
Көз жасы көл болып, Патима Полатбай 2007 жылы ажырасып кеткен күйеуінің туыстары екі қабатты коттеджді қызының атына жазып бергенін айтады. Себебін, “ажырасып жатқан отбасымыз, дүние-мүлкіміз талан-таражға түспесін” – деп түсіндіріпті.
Ерлі-зайыптылардың қулығы екі жылдан кейін ғана әшкере болған. Әкесінің жақындары сол кезде 21 жастағы студент қызды алдап, құжаттарға қол қойдырып, оның атынан екі банктен 62 миллион теңге несие алыпты. Ал кепілдікке қойылған үйді қайта өз аттарына аударып алады. Ал қыруар берешек арада он жыл өтсе де қыздың атында тұр. Зардап шегушінің анасы туыстарының артында банкте сыбайластарының барына сенімді.
“Жап-жас баланың, институтты жаңадан бітіріп жатқан баланың өміріне балта шапты. Өмірін бұзды. Бәріңізде балаларыңыз бар. Түсініңіздер мені. Себебі менің баламды қазір қор қылып қойды Иманқұлов пен Базарбаева. Екі жеп, бір биге шықты екеуі. Заң орындары қайда қарап отыр? Менің балама ауыр зардап тигізді. Ауыр, қазір науқастан денсаулығы бітті”, – деп күйінеді Патима Полатбай.
Қазір Астананың Ішкі Істер департаменті алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.