18+

Әлеумет түйткілдері

Вокзалға қарай аяңдап бара жатыр едім, қоқыс салынған контейнерді ақтарып тұрған қара домалаққа көзім түскені. Қолына түскен жеміс қалдықтарын аузына тақап жатқан сәтте шыдай алмай қасына бардым.

-Әй балақай, тамақ жегің келе ме?Ол басын көтеріп, маған сұқтала қарады.

-Ағай, шын айтып тұрсыз ба?

-Жүр асханаға алып барайын.

-Милициядан емессіз бе? ...

Жылы сөздердің әсері болар, біраздан соң Аманбай (бала өзін солай деп таныстырды) шешіле сөйледі.

-Сіз сияқты ашық қолды ағайды алғаш рет кездестіріп тұрмын. Бұрын сол жағалаудағы әмбебап дүкенінің қасында тұрғанымда шетелдіктер тоқыма тақия, қолғап сатып әперген еді. Ал былайғы жұрт қалталарындағы сылдыраған он, жиырма теңгелерді тастай салады. Қазір, амал жоқ, басқа жақты жағалаймыз, орталықта тұру ыңғайсыз.

Қаршадай баланың түйдек-түйдек сөздеріне қайран қалдым.

-Жасың нешеде?

-Біраздан соң он үшке шығам.

-Жаздыкүні жағдай оңалады. Тамақты әр жерден табуға болады. Әсіресе қалалық паркте. Базардан көкөніс қалдығын жинаймын.

-Әке-шешең бар ма?

-Әкем, шешем, қарындасым, інім бар. Шешем көптен бері ауырады, әкем жұмыссыз, ішкілікке салынған. Үйдегілердің бәрі аш.

-Өзіңнің кім болғың келеді?

-Бұрын дәрігер болғым келіп еді, енді қарақшы болсам деймін. Күтпеген жауаптан селк еттім:

-Неліктен қарақшы болғың келеді?

-Ой, ағай, қызық екенсіз, дәрігердің бір айлық жалақысы қарақшының бір күндегі табысына тең емес пе?

Не айтарымды білмей, аңырадым да қалдым....

Аманбай орнынан тұрып, нанның қалдықтарын сыпырып, қалтасына салды.

-Рахмет, аға. Мен жүре берейін. Ақша табу керек. Кешке вокзалға халық көп жиналады...

Қатты күрсіндім.

Нұрбек Жақанов, Астана қ.